Интервью

«Халықаралық қатынастардағы мәселелер Орта державалардың да қатысуымен реттелуі шарт» — сарапшы президенттің «Абу Дабидің орнықты даму апталығында» сөйлеген сөзі туралы

Редакция

15.01.2025

«Бүгінгі сын-қатерлерге төтеп беру үшін әлемге жаңа даму парадигмасы керек»

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Абу Дабидің орнықты даму апталығы» саммитінде осылай мәлімдеді. Президенттің айтуынша, «ол орнықтылық, әділдік пен тұрақтылық ұғымдарына негізделуге тиіс». Қасым-Жомарт Тоқаев көлік инфрақұрылымының маңызына да тоқталып, «орнықты экономикалық өсімді қамтамасыз ететін тұрақты жеткізу тізбегін қалыптастыруды» көздейтінімізді атап өтті. Осы мәселелер жөнінде біз әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Халықаралық қатынастар факультетінің деканы, «Аймақтық қатынастарды талдау» ғылыми-зерттеу орталығының сарапшысы Думан Жекеновпен сұхбаттасқан едік.

— Думан Құрманғазыұлы, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы жұмыс сапарын БАӘ президенті шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянмен кездесуден бастады ғой. Жалпы екі елді не байланыстырады? Әрі өзара қарым-қатынасты тереңдете түсудің әлеуеті қандай?

— Екі жақты қарым-қатынаста ең маңыздысы – мүдделер қайшылығы жоқ. Тек өзара пайдалы байланыстар. БАӘ – араб мемлекеттері арасындағы біздің еліміздің негізгі серіктесі болып табылады. Бұл кездесудің тағы бір маңызды жері де – осында. Бұл тек екі-жақты қатынастарға ғана емес, жалпы араб әлеміне де жаңа серпілістер алып келеді. Тауар айналымын 1 млрд долларға жеткізу жоспары, жақсы, әрине. Бұл межеге жету үшін атқарылуы керекті орасан зор шаралар бар. Айталық, көлік-логистика саласындағы ынтымақтастықты күшейту аса маңызды. Біріншіден, көлік дәліздерін әртараптандыру саласында, Орталық Азиядағы көлік-логистика саласының инфрақұрылымын жетілдіру саласында және сауда-экономикалық қатынастарды заман талабына сай цифрландыру бағыттарында кешенді жұмыстар атқарылуға тиіс.

— Президент «Абу Дабидің орнықты даму апталығы» саммитіне қатысты. Бұл жиын – орнықты даму және климат өзгерісіне қарсы күрес мәселелеріне арналған жетекші жаһандық алаңдардың бірі саналады. Мемлекеттер басшылары осындай халықаралық форумдарда қандай мәселелерге қосымша мән беруі керек деп ойлайсыз?

— Халықаралық маңызы жоғары іс-шарада президент Қ.К.Тоқаевтың бірінші болып сөз бастауы – әлемдік саяси сахнадағы беделінің жоғары екендігінің тағы бір дәлелі. Жаһандық саясаттың күн тәртібінде халықаралық қақтығыстар тұрғаны түсінікті. Дегенмен адамзат алдында одан да маңызды тағдыршешті мәселелер бар. Ол – адамзаттың табиғатпен үндестігі. Сондықтан саммиттің күн тәртібіндегі мәселелер аса маңызды.

— Президент «Бүкіл әлем бойынша парниктік газ шығарындыларының 75 пайызы энергетикалық жүйелерге тиесілі» деді. Тіпті соның кесірінен биоалуантүрліліктің 10 пайызы жойылғаны туралы дерек келтірді. Осы орайда, мемлекет басшысы, елдегі АЭС құрылысы отандық энергетика саласын орнықты дамыту бағытындағы елеулі қадам болатынын атап өтті. Оның Қазақстанға басқа қандай пайдасы тиюі мүмкін?

— Елдегі АЭС құрылысы ең бірінші кезекте біздің елдің энергетика саласында басқа халықаралық қатынастардың акторларына тәуелділіктің азаюына жол ашады. Екіншіден, АЭС құрылысы орнықты даму мен климаттың өзегеруіне қарсы күрес мәселесімен тікелей байланысты. Энергетика саласында көмір мен газ тұтынудан шығатын зиянды қалдықтардан құтылудың жолы болып табылады. Президентіміз атап көрсеткен парникті газ мәселесінде Атом электр станцияларының артықшылығы зор. Атом элек­тр станциялары бар мемлекеттер, соның ішінде, әсіресе, уран өндіру және ядролық отын өн­дірісі бар елдер тек көмір немесе газ энер­гиясына негізделген елдерге қарағанда әлде­қай­да дамыған деп есептеледі. Президентіміздің елдегі алғашқы АЭС құрылысын аталған саммитте көтеруінің астарында да мән жатыр деп ойлаймын. Біріншіден, энергетика саласындағы ірі ойыншыларға бұл салада Қазақстанның да ендігі уақытта орнының бар екендігін жұмсақ ескерту. Екіншіден, АЭС салу мәселесінде әлі де күн тәртібінен түсе қоймаған «кім салады?» сұрағында «ниетті ойыншылар» арасында бәсекелестікті артыру арқылы өз елімізге пайдалы сценарий жүргізу.

— Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық мінберлерден Транскаспий халықаралық көлік бағдарын дамыту қажеттігі жөнінде кейінгі үш жылдан бері жиі айтып жүр. Осы саммитте де бұл тақырыпты айналып өтпей, «Еуразия құрлығындағы жетекші транзиттік торапқа айналғанымызды» тілге тиек етті. Осы Орта дәліздің әлеуетін арттыру үшін жасалып жатқан жобаларды қалай бағалайсыз?

— Орта дәліздің болашағы зор. Еуразия құрлығындағы тұрақсыз геосаяси қақтығыстар транзиттік тораптарды әртараптандырудың аса маңызды екендігін дәлелдеді. Әсіресе, Қазақстан мен Орталық Азиядағы өзге мемлекетер үшін тек «солтүстік дәлізге» тәуелді болып отырудың қаншалық қауіпті екендігі көрініп отыр. Жеке өзім «орта дәліздің» болашағына сенемін, бірақ қазір іске асып жатқан жобаларды әлі де жеткіліксіз деп бағалаймын. Әрине, бұл жерде оқырман, бұл жұмыс тек Қазақстанға ғана қатысты емес екенін түсінуі шарт. «Орта дәліздің» маңызды қатысушылары – Әзербайжан мен Армения арасындағы әлі толықтай шешілмеген мәселе ең негізгі кедергі болып табылады. Сонымен қатар барлық мүдделі тарап алдында инфрақұрылымды шұғыл арада дамыту мәселесі де тұр.

— Президенттің айтуынша, жаһандық жылыну – Орталық Азия үшін басты сын-қатердің бірі. Одан бөлек, біздің өңір трансшекаралық өзендерге де тәуелді ғой. Аймақтағы су ресурстарын басқару ісін жетілдіруге әсіресе төменде отырған Қазақстан мүдделі. Осы жұмысты реттеудегі ресми Астананың рөлі қандай? Көршілермен келісімге келе алып жатырмыз ба?

— Орталық Азия аймағындағы жаһандық жылыну көрсеткіші – басқа аймақтарға қарағанда жоғары. Тиісінше су ресурстары саласында көптеген мәселе бар. Сарапшылардың болжамы бойынша, тіпті жақын 2040 жылдың өзінде аймақта су тапшылығына қатысты қақтығыстар орын алуы мүмкін. Әрине, жаһандық жылыну немесе аймақтың әлемдік су қорларынан алыс орналасуы, теңізге шығар жолының болмауы сияқты географиялық детерминизммен анықталатын мәселелер бар. Бірақ өз қолымыздан келетін – үнемдеу, тиімді пайдалану немесе қар суларын жинай білу сияқты мәселелердің өзі реттелмеген. Аймақтағы ирригациялық инфрақұры­лымның пайдалану уақыты 50 жылдан асып кеткен. Суарылатын алқаптардың 50 пайызынан көбі тұзданған. Судың 40 пайызы суаратын арналарға сіңіп кетеді. Көршілерімізбен анау айтқандай бұл салада түсініспеушіліктер жоқ, дегенмен бірлесіп атқаратын шаралар ұшан-теңіз.

— Бүгінгі заман сын-қатерлеріне төтеп беру үшін әлемге жаңа даму парадигмасы керек деп мәлімдеді мемлекет басшысы. Осы ұғымның аясына не кіреді? Әрі оның ішінде не нәрсеге басымдық берген жөн?

— Халықаралық қатынастардағы «әлемдік тәртіп» мәселесі көптен бері сынға ілініп келеді. Соңғы 50-60 жыл көлемінде қалыптасқан жаһандық тәртіп бүгінгі күнгі сын-қатерлерге жауап бере алмайды. Президентіміз атап айтқандай, «жаңа парадигма орнықтылық, әділдік пен тұрақтылық ұғымдарына негізделуге тиіс». Халықаралық қатынастардағы мәселелер тек ірі ойыншылардың қатысуымен ғана емес, экономиканың жетекші күшіне айналып отырған «Орта державалар» мен дамушы мемлекеттердің де қатысуымен әділдік пен теңдікке негізделе отырып реттелуі шарт. Жалпы әлемдік сахнада жиі көріну және жаңашыл бастамаларды көтеріп отыру еліміздің жағымды сипатын артыра түсетіні анық.

Фото из открытых источников


Редакция

Публикации автора

Урбанизация в Казахстане вышла на исторический максимум

Казахстанцы продолжают активно изымать накопления из ЕНПФ

Надо изучить другие подходы — депутат о ставке НДС

Мажилисмен призвал проверить деятельность USAID в РК

Правовая база использования ИИ создается в Казахстане

Существенно снизился уровень преступлений в РК

Топ-тема

Другие темы

НОВОСТИ | 05.02.2025

Урбанизация в Казахстане вышла на исторический максимум

НОВОСТИ | 05.02.2025

Казахстанцы продолжают активно изымать накопления из ЕНПФ

НОВОСТИ | 05.02.2025

Надо изучить другие подходы — депутат о ставке НДС

НОВОСТИ | 05.02.2025

Мажилисмен призвал проверить деятельность USAID в РК

НОВОСТИ | 05.02.2025

Правовая база использования ИИ создается в Казахстане

НОВОСТИ | 05.02.2025

Существенно снизился уровень преступлений в РК