Общество

Босқын қазақтарға болысайық

Ауыт Мұқибек

27.05.2021

Сонымен, «Босқын» санатын алған үш қазақтың өтінішіне Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары Арыстанғали Заппаровтан жауап келді.

Аталған жауапта «Халықтың көші-қоны туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 49-бабына сілтеме жасай отырып, «Жоғарыда баяндалғанның негізінде, ҚХР-дың азаматтары Қастер Мұсаханұлына, Мұрагер Әлімұлына және Ақан Қайшаға Қазақстан Республикасының азаматтығын қабылдау қазіргі уақытта мүмкін емес», -депті А. Заппаров.

Сондай-ақ, Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлының 2020 жылы шекарадан заңсыз өткені үшін сотталғандығы және «Интерпол» ҰОБ деректері бойынша  «қызыл  бюллетень» бойынша іздестірілуде екендігі және құқықтық мәртебесін анықтау үшін жарамды ұлттық паспорттарының да жоқтығы анықталғанын да аталып өтіпті Ішкі істер министрінің орынбасары.

Ал, олардың үшінші бір елге шығып кету үшін жол жүру құжатын сұраған өтінішіне министрлік басшысы «Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде босқындардың жүріп-тұруын қамтамасыз ететін Жол жүру құжаттарын беру ережелері  Босқындар мәртебесі туралы конвенцияда бекітілген («Босқындар мәртебесі туралы конвенция» Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 15 желтоқсандағы № 317-1 Заңы). Бұл өзгерістер босқындар үшін халықаралық сапарларға шығуға мүмкіндік береді және визалық рәсімдерді жеңілдетеді. Осылайша босқындардың кез-келген елден, оның ішінде қабылдаушы елден кету құқығын жүзеге асыруға ықпал етеді. Алайда, енгізілген өзгерістер 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енетінін ескере отырып, қазіргі уақытта жол жүру құжатын беру мүмкін емес  екенін хабарлаймыз» деп жауап беріпті.

Қысқасы, «Босқын» қазақтарға Қазақстан Республикасының азаматтығы берілмейді, өзге шет елге шығып кетуге қажетті «Жол жүру құжатын» алу үшін 2022 жылдың бірінші қаңтарына дейін күту керек секілді.

Бірақ, аталған жауап хатта 2022 жылдың бірінші қаңтарынан кейін оларға «Жол жүру құжатының» берілетіні немесе берілмейтіні туралы нақтылы ештеме айтылмапты. Мүмкін, ол азаматтар үшінші бір елге шығып кеткісі келсе, сол кезде тағы өтініш беретін болуы керек шығар...

Амандық болса, ол мәселе туралы уағы келгенде тағы әрекет жасап, заң аясында қол ұшын беруге дайынбыз. Менің бүгінгі айтайын дегенім басқа мәселе – олардың тұрмыстық жағдайы, күн көріс халы туралы болмақ.

Өздеріңіз білгендей, жақында үш азамат Елордаға келіп, біраз қабылдауларда болып қайтты. Оның нәтижесі – жоғарыдағы жауап.

Сол кезде байқадық және әлеуметтік желідегі парақшамызда да жаздық, олардың тұрмыстық жағдайы қиындап кеткен. Тіпті, жол жүруге қаражаттары жоқ болып шықты. Әуелі, екі жігіт кейде аш қалатындарын да жеткізді. Біздің жазбамызды оқыған бір сенатор ағамыз жүз мың теңге көмек беріп, Алматыға сол ақшамен әрең шығарып салдық. Ешкім жұмысқа алмайды екен. Ең жаманы, ағайын-туыс, ауылдас-жолдастың бәрі алыстап кеткен...

Шынымды айтсам, осы жағдай мені қатты қайран қалдырды. «Не келіп, не кетпейді жігіт басқа?!» деп, Қадыр Мырза-Әлі ағамыз айтқандай, бұл да бір тағдырдың осы қыз-жігіттерге жіберген сынағы шығар. Менше, ол сынақ бұл қазақтарға ғана емес, Қазақ мемлекетіне және қазақтарға да жолданғаны белгілі.

Құдайға тәубе, мемлекет ол сынақтан аман өтті – пана тілеп келген қандастарын «қылмыс жасағаны үшiн өздерi шыққан елдердiң заңнамасы бойынша қудалауға ұшырағанына;» («Халықтың көші-қоны туралы» заңының 49-бабы) қарамастан келген еліне кері қайтарған жоқ, «Босқын» санатын беріп, елде қалдырды. Ары қарай азаматтық беру мәселесіне келсек, оны жоғарыда айттық.

Қандастарымыздың мәселесімен айналысып жүрген тәжірибелі азамат ретінде айтсам, «Халықтың көші-қоны туралы» заңының 49-бабындағы аталған заңсыз келген шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға арналған рұқсатты беруден бас тарту не бұрын берілген рұқсаттың күші жою туралы норма өте керек деп ойлаймын. Себебі, айтпасақ та түсінікті, ...заңсыз келіп, босқындық сұрайтындар басып кетеді ғой...

Енді, екінші сынақ қазақтар мен сол үш босқын қазақтың жерлестеріне тіреліп тұр.

«Босқындар туралы» заңның 9-бабына сай, босқындар  «Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес еңбек ету бостандығына немесе кәсіпкерлік қызметпен айналысуға;», «өзімен алып келген, сондай-ақ ол Қазақстан Республикасының аумағында заңды түрде жиған мүлкін қоныстану үшін өзіне құқық берілген басқа елге әкетуге;» құқықты.

Әрине, Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлының дәл қазір кәсіпкерлікпен айналыса қоятын жағдайы жоқ. Бірақ, қара жұмыс істеуге қаблетті, жігерлі екені көрініп тұр. Елдің берген тиын-тебені қашанға дейін жыртығын жамайды және тепсе темір үзетін арыстандай азаматтардың біреуден ақша сұрай бергені де дұрыс емес. Одан гөрі, өздеріне берілген заңдық құқығын пайдаланып, жұмыс істеулері керек!

Сондықтан, бар қазақты айтпағанда, ең алдымен оларға өздерінің жерлестері – Тарбағатайдан, оның ішінде Дөрбілжіннен келген кәсіпкерлер қол ұшын беруі тиіс қой. Келісім-шарпен жұмыс алып, еңбегіне қарай ақы төлеп тұрса, одан асқан қандай көмек керек оларға?!! Қайша Ақанқызына да солай...

Біз әдетте ізгілік, қайырымдылық, адамгершілік, әсіресе береке-бірлік туралы өте көп айтатын халықпыз. Көп мәселені «Дала заңымен», ата-баба дәстүрімен шешіп жіберген жұртпыз. Құдайға тәубе, Отанға оралған қандастарымыздың жағдайы жаман емес. Қытайда жүріп, нарықтық экономикаға ерте бейімделгендіктің арқасы болар, біздің Үш аймақтан келген жерлестеріиміздің көбі өте ауқатты тұрады. Аталарына арнап, қаншама ұлан-асыр той өткізді сол бай қазақтар? Мен тегін ақша беріп тұрыңдар деп отырған жоқпын. Міне, солар үшін небәрі үш қазақты жұмыспен қамтып, тиын-тебен бере тұру сонша қиын шаруа болмаса керек...

Құдай қазақтың басына «Босқындық» күнін сала көрмесін! Босқынның соңы осымен аяқталсын!!

Құрметті жерлестер, босқын қазақтарға болысайық!!!


Ауыт Мұқибек

Публикации автора

Босқын қазақтарға болысайық

Топ-тема

Другие темы

НОВОСТИ | 21.11.2024

350 млрд тенге заработали производители РК на госзакупках

НОВОСТИ | 21.11.2024

Сенат вернул в мажилис проект бюджета

НОВОСТИ | 21.11.2024

Улицу именем бывшего премьер-министра РК назвали в Астане

НОВОСТИ | 21.11.2024

Львенка пытались продать в Шымкенте

НОВОСТИ | 21.11.2024

Экстрадированному из РФ казахстанцу грозит пожизненное

ГЕОПОЛИТИКА | 21.11.2024

Санкционные противоречия и Казахстан