Жұлдыз Өтегенова — Түркістан облысы этномедиация кеңесінің мүшесі, кәсіби медиатор:
«Жалғанда ойлап тұрсаң бірлік керек,
Бірлікті ойлау үшін тірлік керек»
Төле би Әлібекұлы
— Этномедиация — азаматтық қоғамның жаңа сатысы. Қоғамдық сананы жаңғыртудың маңызды элементі. Бүгінде ол дауды шешудің заманауи тәсілі ретінде жаңа сатыға көтерілді. Медиация институтының дамуы - дау-дамайды шешу әдісі ғана емес, ол – ел ішіндегі татулықты, өзара түсіністік пен сенімді нығайтатын мәдениет болып қалыптасты.
Түркістан – этностар мен конфессиялар тоғысқан, рухани құндылықтарға бай өңір. Сол себепті, әрбір даулы жағдайды өркениетті жолмен, бейбіт келісіммен шешудің маңызы зор. Қазір өңір бітімгерлері медиация институтын дамыту бағытындағы ауылдық округтерге барып халықпен кездесулер өткізіп, шалғай жатқан елді мекен халқымен жылына екі рет жүздесіп тұруды дәстүрге айналдырған.
«Ел даусыз болмас» дейді халық мақалы. Даулар — кез-келген қоғамға тән құбылыс. Бірақ, сол дау-жанжалды реттеу мәдениетіміз қандай? Екі арадағы мәселені сот аренасына шығарып, шешкіміз келеді. Ел ішіндегі мұндай стереотипті болдырмау, этносаралық шиеленістің алдын-алу ісінде этномедиаторлар кетісудің емес, келісудің жолын ұсынып жүр. Медиация үдерісі халықтың менталитеті мен дәстүріне сай жүргізілуі тиіс. Сондай-ақ, цифрлық платформалар арқылы қашықтан медиация жүргізу – шалғай елді мекендер үшін қолайлы шешім болуда.
Алғашқыда кейбір азаматтар медиацияны «Медитация», «Медицина» ұғымымен шатастырып, медиация кеңсесіне кеңес сұрап келетін. Қазір әр азамат татуласу рәсімдерін, медиацияның ерекшеліктері мен артықшылықтарын түсінді. Бұл этномедиаторлардың жемісті еңбегі.
Халқымыздың «Дауласу – ырысты кемітеді» деген нақыл сөзін ұстанып, дауласуды болдырмай, бола қалған кезде, татулық жолымен шешілуіне баршамыз жұмыла кірісейік.