ҚР Үкіметінің 2019 жылғы 24 желтоқсандағы №968 қаулысына сәйкес атқарылып жатқан «Бизнестің жол картасы-2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы жергілікті биліктің қолымен орындалады. Былай қарағанда, бұл елдегі кәсіпкерлікті дамытудың төменгі сатысы ретінде өте жақсы ойластырылған. Жұмыссыздар мен кәсіпті жаңа бастағандар «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасында арнайы курстан өтіп, кәсіпкерлік білім алады, сосын жергілікті билік оған бюджеттен арнайы бөлінген қаржыны грант есебінде конкурстан іріктеп бөліп береді. Бұл іріктеу бастапқы кезде біршама айқай туғызып, бертін келе барынша ашық түрде ұйымдастырылып жатыр. Бірақ бұның «алайдасы» азаймай тұр.
Былтыр өткізілген жергілікті осындай шаралар кезінде біршама шалағайлық анықталып отыр. Оны нақты өз басынан кешкен азамат өз дәйектерімен бөлісті. Жағдай астанада орын алған.
Өзін жариялауды жаратпаған астаналық зияткер азамат, ұлттық дәстүрге қатысты өндіріске авторлық патент алып, «Бизнестің жол картасы-2025» жобасына қатысқысы келеді. Алайда, жария етілмеген ереже бойынша әлеуметтік әлжуаз топтарға басымдық берілетіні мәлім болғасын, ол амалсыз өз жобасын талапқа сай келетін ЖШС арқылы қатысуға душар болады, серіктестіктің екі құрылтайшысы бар екен, біреуі - 25 жасар жігіт те, екіншісі мүгедек болғандықтан ұту мүмкіндігі зор болып, ақырында шынында да 5 млн теңгелік грантқа әлгі серіктестік ие болады. Жобаның барлық әзірленуіне бастан-аяқ қатысқан кейіпкеріміз бірақ грантты өзі пайдалана алмайтын еді, оның ресми әлгі ЖШС-ке құрылтайшы да, басшы да болмағандықтан, амалсыз серіктестіктің 25 жасар басшысымен патентін пайдалануға, пайданың тең жартысын бөлісуге келіседі. Бірақ жаңа бизнестің аяққа тұруы 1 жылда болмайтыны бесенеден белгілі, пайданың да бола қоймасын жақсы білсе де, өзінің өнімін шығаруға, халыққа ұсынуға мүдделі болды – басқа мұрсаты да болмады.Ақыры не болды?
Әлгі ЖШС грант бойынша цех ашуға барлық керек-жарақтарды алады, оған басында барлық кеңесі мен ақылын біздің кейіпкер береді де, жағдайды өзгертуді бірнеше рет ұсынса да, серіктес тарапынан бас тартылады. Шегінер жер жоқ. Оның үстіне әлгі жас басшының туысының басқа бизнесі бар екен... Бұл басқа тақырып әрине. Қысқасы алынған грантты басқаруға, пайданы бөлісуден бұл толық шеттетіледі, ешбір ақпарат та, пайда да жоқ. Серіктеске бұның жобасы грант алып шығуға ғана қажет болғаны анық.
Әрине, кейіпкеріміз өзінің қанша жылғы инновациялық жобасына көзайым бола алмаса да, оның қынжылысы ол емес – мемлекеттік саясаттың аяқасты болып, кәсіпкерлікті дамытуға емес, алаяқтықты туындатуға жұмсалып жатқандығы.
Себебі, бұл жерде біздіңше, әкімшілік тарапынан не білместік, не қасақана шалағай ұйымдастыру орын алып отыр.
Біріншіден, әлеуметтік әлжуаз топтарды жаңа кәсіпкерлермен қосып жарыстыру мүлдем ақылға да, қисынға да сыймайды. Әрбір әлеуметтік топты өз алдына дербес қарастыруы керек еді.
Екіншіден, атқарылған грант бойынша есептеме әлгі сұрақтарды неге дер кезінде анықтамады, неге алынған грант өндіріске жұмсалмады? Неге мемлекеттік саясаттың көзделген талабы мен нысанасы атқару кезінде өзгеріп кетті? Бұған кім жауап береді. Осы сұрақтарды қойып, жергілікті билікке мынаны жазған: «...Бұл жағдайды биылғы 2021 жылы ұйымдастырылатын шарада назарға алуды сұраймын және бұл жолы барынша әділ әрі объективті өтеді деген үміттемін.Аталмыш жобаның нақты мақсаттарға жұмсалғанын тексеру Сіздің басқарманың құзыры екенін ескере отырып, оның нәтижесімен мені қоса ақпараттандыруыңызды сұраймын». Кейіпкердің алған жауабы кісі күлерлік: «2015 жылғы 29 қазандағы № 375-V Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің (бұдан әрі- Кодекс) 5-бабының 1-тармағы негізінде әркімнің кәсіпкерлік қызмет еркіндігіне, өз мүлкін кез келген заңды кәсіпкерлік қызмет үшін еркін пайдалануға құқығы бар. Сондықтан... ЖШС-мен орнаған келіспеушілік жағдайы бойынша 2015 жылғы 31 қазандағы № 377-V Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік Кодексіне сәйкес сотқа жүгіну қажет... Кодексте белгіленген өзге де жағдайларды қоспағанда, кәсіпкерлік субъектісінің келісімінсіз жария етілмейтінін және 9 тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік органдар мен олардың лауазымды адамдары лауазымдық (қызметтік) міндеттерін орындауына байланысты өздеріне белгілі болған коммерциялық құпияны құрайтын ақпаратты кәсіпкерлік субъектісінің келісімінсіз таратуға және (немесе) пайдалануға құқылы еместігін хабарлайды» деп әрі ақыл айтыпты, әрі тақырыпты басқа жаққа бұрмалап, азаматты ақымақ етуге тырысыпты. Кейіпкер өз хатында коммерциялық құпия туралы ешбір талап етпесе де, әңгімені қасақана соған сайып, әкімшілік өздері бөлген гранттың қалай пайдалынылғанын тексеріп, дұрыс мониторинг жасаудың орнына, қоғамдық ортада ашық есеп берудің орнына, коммерциялық құпияны сылтауратып, алаяқтықты көлегейлеп отырғандай сыңайды анық танытады.
Не дейміз?! Бәрі белгілі, анық, бұлтарысы жоқ мәселе: алаяқтыққа құрбан болған мемлекеттік бағдарламаның ахуалы сол баяғы.