Новости

Диас Нұрақын: Өйткені мемлекеттің басшысын халық сайлауы тиіс

Редакция

21.01.2026

Алайда Тоқаевтың ұсынып отырған бастамасы қолдауға лайық деп есептеймін — Диас Нұрақын

Қызылордадағы Ұлттық құрылтайда Тоқаев бәріміз бұрын мүлде мән бермеген бір қызық мәселені көтерді. Конституцияда «Президент өз міндетін атқара алмайтындай оқыс жағдай туындаса, оның өкілеттігі қалған мерзімге сенат төрағасына беріледі. Немесе сенат төрағасы мемлекетті басқаруға мүмкіндігі болмаса, президент өкілеттігі белгіленген тәртіпке сәйкес тиісті лауазым иелеріне өтеді» — делінген екен.

Тоқаев осы жердегі «қалған мерзім» деген қарапайым сөзге назар аударып отыр. Шынында, қалған мерзім деген бір айға да, бірнеше жылға да созылуы мүмкін ғой. Жеке өзім бұл мәселе туралы ойланбаған екенмін. Ойланғаны былай тұрсын Ата заңдағы бұл баптың бетін ашып көргенім жоқ. Мысалы, президент бір жылдан кейін қызметін жалғастыра алмай қалса, заң бойынша қалған 6 жылды сенат төрағасы президент ретінде өткізеді.

Сондықтан Тоқаев, мемлекет басшысы мерзімінен бұрын қызметтен кетсе, екі айдың ішінде кезектен тыс Президент сайлауы өткізу туралы норманы заңға енгізу қажет дейді. Бұл ұсынысты қолдаймын. Өйткені мемлекеттің басшысын халық сайлауы тиіс.

Бұл бастаманың тағы бір маңызды қыры биліктің легитимдігін арттырады. Конституцияда көзделген тәртіп қаншалықты заңды болғанымен, халық тікелей дауыс бермеген адамның бірнеше жыл бойы ел басқаруы қоғамда сұрақ туғызатыны анық. Оның үстіне, кезектен тыс сайлау өткізу – билік сабақтастығын сақтаудың демократиялық жолы. Сенат төрағасы немесе басқа лауазымды тұлға уақытша мемлекет тізгінін ұстап, елде тұрақтылықты қамтамасыз етеді. Ал екі ай ішінде сайлау өткізу арқылы стратегиялық бағытты анықтау құқығы қайтадан халықтың өзіне қайтарылады.

Сондай-ақ мұндай өзгеріс елдегі саяси жүйені дағдарысқа төзімді етеді. Кенеттен орын алуы мүмкін форс-мажор жағдайларда кімнің, қанша уақытқа, қандай өкілеттікпен билік жүргізетіні нақты белгіленсе, алыпқашпа әңгіме де, билік үшін жасырын тартыс та азаяды.

Жаңарған Конституцияда билік иерархиясы қалай көрсетілетінін білмеймін. Бәлкім, парламент спикері ме, вице-преизеднт пе, оны уақытында біле жатармыз. Алайда Тоқаевтың ұсынып отырған бастамасы қолдауға лайық деп есептеймін.


Редакция

Топ-тема