Жағымпаздықтың өзі жағымсыз нәрсе. Барлық дәуірлерде, барлық қоғамдарда жағымпаздықты халық қолдамаған. Жағымпаздықтан біздің қазақ ортасы да кенде емес. Басшыға жағымпазданудың қалыпты жағдайға айналып кеткені соншалық, оны барын сала жарияға жар салып дәріптеу дәстүрге айналды.
Басқаны қойғанда жағымпаздар осы күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа тыныштық бермеуге айналды. Әр-әр жерден ірі әлеуметтік нысандарға Назарбаевтың есімін беру немесе оған ескеркіш орнату жайлы айтатындар бірімен бірі жарысып, жергілікті өкімет оларға қолдау білдірумен келеді. Ал Нұрсұлтан Назарбаев бұған зәру ме, әлде осындайдан әбден зәрезап болып жүр ме? Бұл жағы жағымпаздарымыздың ойына кіріп шықпайды. Жағымпаздардың басты мақсаты – үсті-үстіне жағымпаздық жасап көріне беру. Парламент Мәжілісінде отырған депутаттардан бастап қарапайым тұрғындарға дейінгі аралықта бет-бейнесі танымал болған жағымпаздар өріп жүр. Олар сол жағымпаздықтарын ашықтан-ашық мақтан тұтады. Ал қалың көпшілік жағымпаздың кезекті ұсынысына тыжырынады, жаға ұстап жиырылады.
Жағымпаздар елді де, өздері дақпыртын асыра дәріптеген басшыны да шаршатты. Қоғам жағымпаздардан азар да безер күйде. Өйткені жағымпаздардың жаны сірілігінен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі көптеген нысандарға, қалалардағы орталық көшелерге аямай беріліп жатыр. Жағымпаздар Елбасыға шегінетін жер қалдырмауға айналды. Тіпті жағымпаздық бастаманы топтанып жасайтын үрдіс пайда болды.
Осы жақында ғана Семейдегі спортшы, ерікті және басқа қызмет салаларындағы белсенділер бірігіп, Елбасының есімін тағы бір рет ұлықтау бастамасын көтерді. Олар Семейдегі мәдени-спорт кешеніне және бір көшеге Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаетың есімін беруді ұсынды. «Абай Арена» аталып келген ғимаратты «Елбасы Арена» деп атаудан тайынбайтындарын білдірді.
Ұсынысты рәсімдеп хат түзгендердің қатарында республикаға еңбек сіңірген қайраткерлер, ғалымдар, шығармашылық адамдары, ардагерлер, қоғамдық ұйымдардың, еріктілер мен жастар ұйымдарының өкілдері, тіпті кәсіпорындар мен шаруашылық басшылары да бар.
Бір таң қаларлығы, ұсыныс хат қалалық мәслихатта қаралды. Нәтижесінде депутаттар бірауыздан дауыс беріп, бұл мәселені қалалық мәслихат сессиясында талқылауды ұсынды.
Хаттың басты мақсаты – Қарағайлы жаңа тұрғын ауданындағы көшеге Нұрсұлтан Назарбаев есімін беру туралы қозғау салу. Ал мәдени-спорт кешенін ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай және тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуындағы Назарбаевтың рөлін ескеріп, «Елбасы Арена» деп атау ұсынылды.
Осыншама еңбектің нәтижесі не болды? Босқа шала бүлініп, алашапқын болғандары ғана қалды. Себебі бұл әрекет құлағына жеткен Елбасы таңданды әрі бірден қарсылығын білдірді. Бұл жағдай дүркін-дүркін атойлап, Елбасының құлағын шулатып жүрген қарақұрым жағымпаздарға сабақ бола ма, жоқ па, ол жағы белгісіз. Өйткені ел ішінде Елбасының дақпыртын одан әрі асыра түсу үшін әр түрлі ұсыныстарды ойлап тауып, жарияға жар салатын азаматтар көп-ақ. Тіпті Елбасыға өлең шығарып, оны дауысы жеткен жеріне дейін айқайлап оқитын адамдар да пайда болды. Ел ішіне аты белгілі азамат Елбасыға және оның отбасы мүшелеріне арнап осы күнге дейін қыруар жыр-дастан жазып тастады. Жырларының бәрі де бос дақпырт пен қисынсыз теңеуге толы. Ол ел мен қоғам тарапынан қаншама сын-ескертпе естісе де ешбір айылын жияр емес. Ондай өлеңдерді үсті-үстіне бұрқыратып әлі жазып жүр. Әрине, бұл өлеңдердің Елбасыға да, оның отбасы мүшелеріне қажеті жоқ. Бұл жазғыш азамат, мүмкін, оларды өлеңдерімен ұятқа қалдырып жүрген де шығар. Өйткені сауысқандай саңқылдаған жыр жолдарында Елбасының есімін Құдаймен теңестіру немесе Құдайдың жүзінші аты деп атау, әулие, жұмақ орнатушы деп дәріптеу сынды ұят теңеулер көп-ақ.
Бір жолы Нұрсұлтан Назарбаев «Астана EXPO-2017» көрме кешенінде болып, құрылыс барысымен танысты. Осы кезде бизнесмен көрме аумағында салынатын екі қабатты сауда орталығының макетін көрсетті. Таныстыру кезінде сауда орталығының «Мега плаза» деген атауына көңілі толмаған Нұрсұлтан Назарбаев басқаша атауға болмады ма деп сұрады. «Мега плаза» уақытша атауы. Егер рұқсат берсеңіз «Нұр-плаза» деп қояйық», деді макетті таныстырушы. Басын шайқап күлген Назарбаев: «Мен ол үшін айтып отырғаным жоқ. Осы жағымпаздықты қайдан үйренгенсің?» деп сұрады. «Өмірдің өзі үйретті» деп жауап берді алдындағы адам. Бизнесменнің мұндай жауабында үлкен мән жатыр. Жағымпаздықты өмірдің өзі үйретуі қоғамымыз үшін өте өкінішті жағдай. Ал кеше ғана жап-жас жігіт
Қоғамымызда Елбасының есіміндегі «Нұр» түбірін әр түрлі жаңа атауларға жөн-жосықсыз тықпалай беру кең етек алған. «Нұр Отан», «Нұр Медиа», «Нұр Сұңқар», «Нұр Астана», «Нұр Банк», осылай кете береді. Бұл да үйреншікті нәрсеге айналып келеді.
Елбасының есімін дәріптеуде асыра сілтеушілік те орын алып жатады. Мысалы, «Казконтент» акционерлік қоғамының ұжымы «Менің атым Нұрсұлтан» деген эссе байқауын жариялаған. Оған қатысушы Нұрсұлтан есімді жастар өз аттарының неге Нұрсұлтан деп аталғанын, кім қойғанын, қандай жетістіктерге жеткенін жіпке тізіп, бір-екі беттің көлемінде шығарма жазды. Бұл жағдай қоғамда талқыланып, патриоттық тәрбие емес, жастарды жеке басқа табыну мен жағымпаздыққа үйрету деген сынға ұшырады. Осы күні елімізде Нұрсұлтан есімін алған азаматтардың саны 23 мыңнан асқан көрінеді. Әрине, Елбасының есімімен сәбилердің атын атағанда тұрған ештеңе жоқ. Ол әр ата-ананың өз еркі. Бірақ байқау түріндегі насихаттан гөрі жай ғана іштей құрмет сезімінің өзі әлдеқайда артық.
Біз Елбасыға жағымпаздану оқиғаларының бірең-сараңын қалқып қана еске алдық. Ел ішінде мекеме басшыларына, әкімдерге, кәсіпкерлерге де жағымпазданып, ұпайларын түгендеп жүргендер аз емес. Тіпті қарттар арасында да әкімдерге жарамсақтанушыларды жиі көреміз. Мұндай кесел жастарға да жұғып жатыр.
Даланың еркін қазағында ашық-жарқындық пен тура сөз айту басым еді. Сондықтан жағымпаздық әрекет өте сирек жағдайда болмаса көрінген емес. Жағымпаздық ертеде болыс сайлауы институты енгізілген кезде бай-бағыландар тарапынан қылаң берді. Болашақ болыстардың сайлау алдында оязға мал беруі мен жарамсақтануы белең алған. Ал оған дейін қазақта жағымпаздық деген ұғымның өзі бұлыңғыр болып келген еді. Жай адам билер мен сұлтандармен тең дәрежеде сөйлескен, салиқалы қатынас құрған. Өзінен мықтыға жарамсақтану дегенді қазақтың даласы білмеген. Ал болыс сайлауынан бастау алған жарамсақтану үрдісі ұлғая келе екпіні осы күнге дейін басылмай келеді.
Қазіргі уақытта ел ішінде жағымпаздықтың болғаны үшін жоғары жақтағыларға кінә арту да қисынсыз. Ондай жағымсыз әдеттен арылтатын тек қана отбасылық тәлім-тәрбие болса керек. Шын мәніндегі дәстүрлі тәрбиені әр үйдің бас көтерер үлкені ұқсата білсе, жарамсақтық пен жағымпаздық әрекетке бой алдыру деген кеми түсер еді.