Новости

Трампты Моңғолияда төртінші рет қарсы алған қазақ кім?

Редакция

08.09.2026

Жандос Конторбай есімі Моңғолияға саяхаттайтын атақты адамдарға кеңінен таныс

Жандос Конторбай есімі Моңғолияға саяхаттайтын атақты адамдарға кеңінен таныс. Дональд Трамптың ұлын осымен төртінші рет қарсы алды. Үш күнге созылған бұл жолғы саяхатқа Қазақстаннан белгілі трэвэл-блогер Думан Мұхамедрахым да қатысты.

Жандос Конторбай - шетелдік қонақтарды табиғаты көркем аймақтарға апарып қана қоймай, оларды көшпенділердің тұрмысымен, салт-дәстүрімен және дарқан қонақжайлығымен етене таныстырып жүрген қазақ. Оның сапарлары алдын ала әзірленген туристік бағытпен шектелмейді. Қонақтар атқа мініп, аңшылыққа шығады, бүркітшілік өнерін тамашалап, киіз үйде түнейді. Осылайша олар көшпенділер мәдениетін сырттай бақылаушы емес, сол ортаның бір мүшесі ретінде сезінеді.

«Дональд Трамптың ұлымен және Қазақстаннан келген белгілі блогер Думан бауырымызбен Моңғолияның кең даласында ерекше үш күн өткіздік. Аңшылыққа шығып, атқа міндік, бүркітшілік дәстүрімен таныстық. Табиғат аясында бес күндей жақсы тынықтық», - дейді Жандос Конторбай.

Ол осындай сапарларды шетелдік меймандар үшін көп жылдан жылдан бері ұйымдастырып келеді. Бұған дейін әлемдік деңгейдегі кәсіпкерлер мен танымал брендтердің өкілдерін қабылдаған. Ал Дональд Трамп ұлының Моңғолияға сапарын осымен төртінші рет ұйымдастырып отыр. Бұл - бір реттік таныстықтың емес, жылдар бойы қалыптасқан сенімнің белгісі.

«Қонақтарымызға көшпенділер мәдениеті мен дарқан көңілін таныстыру - біз үшін әрқашан үлкен мәртебе», - дейді ол.

Жандос Конторбай ұйымдастырған бұл сапар тосын оқиғасыз да өткен жоқ. Думан Мұхамедрахымның айтуынша, топ тау ішінде жол іздеп, арынды өзеннен өте алмай біраз бөгелген.

«Голливудта болмаған нәрсе шын өмірде болып жатыр. Трамптың баласымен бірге тауда адасып, жол іздеп жүрміз. Өзеннен өте алмай, таудан аса алмай, кәдімгі кино болып жатыр», - деді блогер.

Көп ұзамай өзеннің арғы бетінен ат жеткізіліп, жолаушылар сапарын аман-есен жалғастырған.

«Уайымдамаңыздар, бізде бәрі жақсы. Аллаға шүкір, өзеннің арғы жағынан ат алып келді. Ақыры құтылдық», - деп жазды Думан Мұхамедрахым.

Осы сәтте Трамптың ұлы қазақстандық блогердің атпен өзенді кешіп өткенін бейнежазбаға түсірген. Думан бұл жайтты әзілге айналдырып:

«Менің өзеннен өтіп жатқан видеомды Трамптың баласының өзі түсіріп тұр десем, сенесіздер ме?» - деді.

Үш күн бойы бір сапарда жүрген қонақтар тау арасында киіз үйде түнеп, бір дастарқаннан дәм татып, бірге бейнежазбалар түсірген. Думанның айтуынша, Трамптың ұлы оның контентіне қызығушылық танытып, Instagram парақшасына жазылған.

Жандос Конторбайдың ұйымдастырушылық қолтаңбасы да осындай табиғи әрі еркін қарым-қатынастан көрінеді. Ол ресми қабылдаудан гөрі, қонаққа елдің шынайы болмысын сезіндіретін орта қалыптастырады. Соның арқасында әлемге белгілі тұлғалар көшпенділер мәдениетін жақыннан танып, даланың тынысын тікелей сезінеді.

Думан Мұхамедрахым мұндай байланысты тек саяси көзқарас аясында бағаламау керек деп есептейді. Оның пікірінше, Жандос Конторбай секілді азаматтардың халықаралық деңгейде қалыптастырған байланысын Қазақстанның игілігіне жаратып, әлемге әйгілі тұлғаларды елімізге шақыруға мүмкіндік бар.

«Кейбір адамдардың бұл кісілерге саяси тұрғыдан қарсы көзқарасы болуы мүмкін. Оны жоққа шығармаймын. Бірақ осындай байланысты еліміздің пайдасына жаратып, Қазақстанды әлемге танытудың мүмкіндігі ретінде неге қарастырмасқа? Аллаға шүкір, иманымыз орнында, қазақылығымыз қалпында. Ендігі міндет - осы байланыстар арқылы әлемге әйгілі тұлғаларды Қазақстанға шақырып, еліміздің абыройын асқақтата түсу», - дейді блогер.

Жандос Конторбайдың бірнеше жыл бойы атқарып жүрген жұмысы - жай ғана сапар ұйымдастыру емес. Бұл - көшпенділер өркениетін әлемге танытып, әртүрлі елдің адамдарын дала мәдениеті арқылы жақындастыратын бейресми мәдени дипломатия. Ал қалыптасқан халықаралық байланыстарды алдағы уақытта Қазақстанның туристік әлеуетін танытуға пайдалану - жаңа мүмкіндіктерге жол ашпақ.

Материал Думан Мұхамедрахым мен Жандос Конторбайдың әлеуметтік желідегі жазбалары негізінде әзірленді.


Редакция

Топ-тема