Актобе

10.02.2021

Пандемия кезінде дене шынықтыру онлайн форматқа қалай бейімделді?


Жанай Давленов


ЮНЕСКО-ның кластерлік бюросының әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар секторының меңгерушісі Арина Мясоед «COVID-19»-дан кейінгі кезеңде мектеп оқушыларына сапалы дене тәрбиесін беру» стратегиялық еңбегімен таныстырды. Оның айтуынша, дене шынықтыру сабағын онлайн форматқа бейімдеу мұғалімдерге де, ата-аналарға да қиындық туғызған. «Карантин кезінде спорт клубтары жабылып, фитнес-тренингтерге қатысу мүмкін болмады. Адамдардың ұйқысы, тамақтануы мен физикалық белсенділігі бұзылды, ал жасөспірімдер гаджеттерге одан сайын үйір бола түсті. Сол себепті, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының нұсқаулығына сүйене отырып, адамдардың жас ерекшелігіне қарай денеге қанша жүктеме түсіру керек екенін ұсындық. Бұл баланың менталдық саулығына да оң әсерін тигізеді», – деген Арина Мясоед адамдар қанша дене еңбегімен айналысуы керек екенін айтып берді.

Мамандандырылған мекеме өкілінің сөзінше, нәрестелер мен бүлдіршіндер күніне бірнеше сағат физикалық тұрғыда белсенді болуға тиіс. Ал 3-4 жасар балдырғандар күніне 1 сағат жаттығу жасауы қажет, 5 жасқа дейінгілердің 3 сағаттан астам уақыт белсенді болғаны абзал.

«5 жастан 17 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдер кемінде бір сағаттан аптасына үш күн бұлшық ет пен сүйекті қатайтатын жаттығулар жасауы керек. Ал 18 жастан асқан ересектер орташа жиіліктегі дене жаттығуларына аптасына кем дегенде 150 минутын арнағаны жөн немесе 75 минуттан астам уақыт жиілігі жоғары физикалық жаттығулар жасауға дағдыланғаны да жақсы. Ал жасы ұлғайған адамдар дене жаттығуларымен ең азы аптасына үш мәрте айналысуы керек. COVID-19 басталғалы, өмір сүру салтымыз өзгерді. Пандемия бізге бұрын аса мән бермеген дағдыларымызды дамытуға түрткі болуда. Бұдан былай дене тәрбиесіне бұрынғы міндеттермен қатар, баланың физикалық дербестігі мен психикалық саулығын жетілдіру және өмір бойы белсенді болуын қалыптастыру кіреді»,  – деді Арина Мясоед.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) Қазақстандағы өкілі Ақбота Әбілдина қимыл-қозғалыс пен физикалық күш жұмсау семіру мен артық салмақ қосуды төмендететін фактор екенін алға тартты. ДДСҰ маманының айтуынша, бүгінгі күні еліміздегі 8-9 жасар балалардың 19,1%-ының артық салмағы болса, 6%-ы семіруге шалдыққан. Бұндай жағдайдың алдын алу үшін әлем елдері әр түрлі шараларды қолға алуда.

«Англияда 1997 жылы оқушылардың мектепке жаяу баруын ынталандыра бастады. Нәтижесінде мектебіне жаяу баратын балалар саны 23%-ға артты. Португалияда оқушылар топ болып, ата-аналарымен бірге мектепке велосипед теуіп барады. Хорватияда салауатты өмір салтын сақтау үшін «мектеп оқушыларының физикалық белсенділігін арттыру алаңдары» ашылған. Алаңдарда тез жиналып-құрастырылатын құрылғылар орнатылды. Кипрде 2018 жылдан бастап «Денсаулық үшін жүгіру» бағдарламасы жүзеге асуда. Сабақтан бос уақытта балалар 1,5 – 3 шақырым қашықтыққа жүгіреді. Мереке тәрізді өтетін марофонға қатысу үшін оқушылар арнайы жаттығып, сынақ тапсырады», – деген Ақбота Әбілдина балаларды белсенді ету туралы сараптамасын ұсынды.

Сабақтан тыс уақытта оқушыларды спортқа баулитын адам дене шынықтыру пәнінің мұғалімі екені белгілі. Осы орайда, Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру комитеті төрағасының орынбасары Серік Жарасбаев бұқаралық спорт жөнінде өте маңызды заң жобасы әзірленгенін еске сала кетті.

«Дене шынықтыру пәні мұғалімдеріне сабақтан тыс дәріс өткізгені үшін базалық қызметтік жалақысының 100%-ы мөлшерінде үстеме ақы төлеу жоспарланып отыр. Бұл құжат қазір Парламент Мәжілісіне тапсырылды. Келесі мәселе, білім берудің барлық деңгейіндегі дене тәрбиесі сабақтарына ұлттық спорт компонентін міндетті түрде енгізу болып тұр. Сонымен қатар, өңірлерде дәрігерлік-дене шынықтыру диспансерлерінің жұмысын қайта ұйымдастыру, балалар мен жасөспірімдер клубтарының қатарын көбейту қолға алынады», – деді Серік Жарасбаев. Конференция барысында мамандар мен ұстаздар дене шынықтыру пәнін қашықтан оқыту мәселесіне ерекше тоқталып, жаңа оқыту жүйесінің әдіс-тәсілдерін жан-жақты талқылады.


Жанай Давленов