Алматы

16.12.2020

Айдос Сарым: «Егер Сенат болашақ президенттікке кандидаттарды дайындаса несі жаман?»

Сұрақтарға, сынға жауап берем деп едім. Бір бауырым мені "қарабет" деп, егер Фейсбукстандағы жұрт 2-3 пайыз ғана болса, несіне кіресіз дегендей өкпесін айтыпты.


Айдос Сарым


Аман бол, деп қана жауап қайтардым! Ұрысып-керісетін уақыт та жоқ.

...Қазақстан 1990 жылдардың басында парламенттік республика болды десек, қателеспейміз. Сол кездегі Жоғарғы кеңестің функционалы мен мүмкіндігі аса зор еді. Алайда, сол парламент өзін-өзі масқаралап, өзін-өзі тығырыққа тіреді.

Бір формация құрдымға кетіп, екінші формация құрыла алмай жатқанда, депутаттар сан-саққа тартып, заң қабылдау жұмысын мүлдем күрделендіріп, ұзаққа созып жіберді.

Дәл осыған ұқсас жағдай бұрынғы КСРО аймағында да болып жатты. Грузия мен Әзірбайжан соның кесірінен біраз жерінен де айрылып, амалсыздан мықты билік құру үшін кешегі коммунистер Шеварднадзе мен Әлиевті қайта сайлап, президенттік билікке арқа сүйеді. Ресейде Ельцин Жоғарғы кеңесін танкімен атып таратса, Қазақстандағы билік Танькамен (Квятковская) сот арқылы таратты. Тағысын тағы.

Қысқасы, қысылтаяң, түбегейлі реформаны қажет ететін, күнде жаңа заң шығаруды міндет санаған заманда парламенттік билік жүйесі өзін-өзі ақтамады десек еш қателеспейміз.

Бүгін, қарап отырсақ, біздер қайтадан 1990-шы жылдардағы кезеңді басқа тұрғыдан қайталайтын сияқтымыз. Бізді тағы да формациялық транзит күтіп отыр. Біз мұнайлы-шикізаттық экономикадан жаңа, адам мен адам энергиясына негізделген экономикаға аяқ басамыз. Тоқсаныншы жылдардағыдай мемаппаратты, өкілетті билікті жаңартып, жасартып, жаңа реформалар кезеңін бастамақшымыз.

Осыны ескерсек, өз басым Қазақстанның парламенттік модельге көшкеніне түбегейлі қарсымын.

Біздегі жаппай парламентаризмді аңсау, мойындайық, суперпрезиденттік билікке деген наразылықтан туындаған. "Шалкетшіл" топтардың шарасыздығы мен олардың ойлау қабылеті мен өресінің тарылып, тез және оңай "шешімдерді" аңсауынан шыққан.

Егер елдегі барша мәселе мен проблема тек тұңғыш президент Назарбаевқа ғана тірелген болса, онда жарамыз жеңіл болар еді. Мәселе әлдеқайда тереңде жатыр! Назарбаевты жеңсек, Тоқаевты тықыртсақ, Қазақстанда тап-таза идиллия, жұмақ орнайды, деп үгіттеп жүргендер популистер мен демагогтар. Солардың енді президенттік билікті атымен жойып, тек парламенттік билік жүйесін құру керек деген дүдәмал тұжырымы - суицидтік дәрежедегі ақымақтық.

Біздер бүгін тағы да өтпелі кезеңге келдік. Тоқсаныншы жылдары реформа жасау үшін билік біраз қызыл коммунистерді, кешегі қызыл директорларды биліктен алыстатып аластатқан болатын. Жаңа заман талабын ұқпаған, жаңа экономикадан бейхабар талай әкім мен министр биліктен оппозицияға жол тартты. Сол кездегі оппозиция, қарап отырсақ, саясаттан тыс қалған ұлтшылдар, тараған Жоғары кеңес депутаттары мен биліктен ысырылған партократтардан құралған болатын.

Реформаларды негізінен сол кездегі кадрлық өзгерістердің нәтижесінде билікке келген жаңа буржуазия жасады десек еш қателеспеспіз. Бұның өзі бірнеше кітапқа сиятын ұзақ әңгіме.

Ендігі кезеңдегі реформаны жасау үшін тағы бір кадрлық өзгерістер қажет.

Қараңыздаршы, бір жағынан қоғам талабына сай, екіншіден праймериз сияқты шараларға сай билік партиясының алдағы мәжіліс пен мәслихаттардағы депутаттарының орта жасы 44 жасты құрайтын болады. Тоқсаныншы жылдардағы ең қиын реформаларды жасаған үкіметтердің орта жасы да осы шамада болған еді.

Ендігі кезеңдегі мақсат жаңа, заманауи, реформаторлық заңдарды қабылдай алатын, оның сараптық, қоғамдық экспертизасын жасап, ұлттық мүдде мен заман талабын біріктіре алатын парламент, өкілетті биліе жасақтау.

Жаңа парламент партиялық үкіметті жасақтайды. Үкіметтің бағдарламасы партиялық бағдарлама болады. Аймақтардағы мәслихаттар да партиялық мәслихат болмақшы. Аймақтардың даму бағдарламалары да партиялық болмақ. Бұл партиялық-парламенттік жүйенің орасан зор күшеюі.

Алайда президенттік билік өз дәрежесі мен деңгейінде қалып, стратегиялық бағыт пен баланстарды сақтайтын институтқа айналуы тиіс. Бізді әлі талай үлкен сын мен сынақ күтіп тұр. Ішкі және сыртқы жағдайымыз, контекстіміз де аса керемет деп айта алмаймын. Бұндай кезеңде мемлекетті, елді тек партиялардың өзара саяси додасы мен көкпарына айналдыра берудің де қауіп-қатері бар. Керек кезінде арбитр-төреші бола білетін беделді институт қажет. Менің ойымша, ол институт - президент.

Қысқасы, бізге керегі де осы президенттік-парламенттік модель.

Жекеге келген тағы бір сұрақ. "Партиялық сайлау, пропорционалды сайлау тиімсіз. Одан да мажоритарлы жүйені қайтару керек емес пе?"

Біздің елде көптеген дақпырт пен миф бар. Соның бірі мажоритарлық жүйе партиялық жүйеден артық деген әңгіме.

Шындап келсе, мажоритарлық жүйеде оппозиция жеңбейді, ең бай, ең ресурсы көп мықтылар жеңеді.

14 облыс пен 3 мегаполисте өкілдігін, филиалын ашып, ең болмаса мың адамды көшеге шығара алмайтын саяси күштер бізде жеткілікті. Негізінен бұл күштердің қарабайыр ойы мынадай; біз кереметпіз, сұрапылмыз, кез-келген сайлауда баршаны, билікті бір шыбықпен сыдыртамыз деп ойлайды.

Шындап келсе, өмір мен оның заңы басқашалау, өзгешелеу. Сайлау ең алдымен мүмкіндіктер мен потенциалдардың жарысы. Сұлу бол, шыншыл бол, дауысың жер жарсын, алайда қасыңда мықты команда, мықты жақтастар легі мен қомақты қаржы болмаса, бәрі де бос әуре.

Осы отыз жыл ішінде мықты-мықты оппозицияшыл кандидаттардың байларға ойсырай ұтылғанын сан-алуан рет көрдік.

Елді біріктіру, жақтастары алдындағы мызғымас жауапкершілігі бар жалпыұлттық партиялар елге ауадай қажет. «Nur Otan» партиясы бүгінде классикалық, батыстық үлгідегі саяси партияға айналып келеді. Ел дамуы үшін, ел тұтастығы мен бірлігі үшін, аймақтардың саяси дамуы үшін бізге осы шамадағы кем дегенде екі-үш партия керек.

Осы алдағы сайлау сондай партиялық жүйенің дүниеге келуіне, қалыптасуына жұмыс істеуі керек. Біздің ұлтқа сапасыз жүз партия емес, барша ауылда, ауданда, қалада, облыста бөлімшесі немесе өкілі бар, кез-келген деңгейдегі сайлауға - әкім сайлауы болсын, мәслихат болсын, мәжіліс болсын - үміткер өкілін шығара алатын, әрбір сайлау учаскесіне бақылаушы қоя алатын, үгіт-насихатын жүргізетін үлкен үш-төрт партия қажет.

Алдағы сайлауда қай партия Мәжіліске өтеді, қай партия барынша көп жақтасын мәслихаттарға өткізе алады, сол партиялардың ірі, жауапты, жалпыұлттық партияға айналуына мүмкіндік бар деген сөз.

Тағы бір айтылатын әңгіме: пропорционалдық жүйе партияда жоқ азаматтардың сайлану құқын тарылтады деген мәселе.

Бұнымен келісуге де, келіспеуге де болады. Сайланғың келсе - бар партияға мүше бол! Я болмаса, басқа партия құр деуге де болады.

Қазақстанда, мәселен, 3335 әртүрлі деңгейдегі мәслихат депутаты бар десек, 10 мыңнан астам сайлау учаскесі бар десек, кез-келген мықты партияның кем дегенде 3500 ысылған, бюджет деген не, оны қалай бақылап-қадағалау керек екенін ұғатын үміткері, әрбір сайлау учаскесіне мүше болатын 10 мың өкілі, сайлауға есіктен-есікке жүгіріп ел аралайтын кемі бес мың белсендісі және де әрбір сайлау учаскесіне бақылаушы болатын кемі 10 мың белсенді бақылаушысы болуы керек.

Яғни жалпыұлттық партия болу үшін партияға кемі «осы менің партиям, осы үшін жегіліп жұмыс істеуім керек», деп санайтын отыз мың белсенді мүше қажет.

Бұлардың біразына кәсіби жұмыс ретінде қаржысын, жалақысын төлеу керек. Мысалы, мың адамға жыл бойы айына кемі жүз доллардан жалақы беріп көріңізші! Бұл бір миллион доллардан астам қаражат! Ал қазіргі қоғам жүз долларлық жалақыға пысқырып та қарамайды!

Саясат, әсіресе шынайы саясат, еріккеннің ермегі емес, ептінің, мықтының алаңы мен кәсіби додасы. Әңгіме айту оңай, ал мыңдаған адамның басын біріктіріп, олардың жағдайын жасау, қаржысын табу, көңілін табу, үдесінен шығу тек қана шын мықтылардың қолынан келеді. Қазақстандағы әрбір азаматтың ғарышкер болуға қақысы бар. Бірақ, Қазақстанда отыз жылда тек үш қана адам ғарышкер атанды. Сол сияқты әркімнің партия құруға қақысы бар әрине...

Өз басым көптен бері бір идеяны айтып жүрмін: Сенат депутаттарын жалпы халық сайлауы керек деп. Сонда Мәжіліс партиялық-пропорционалдық, ал Сенат - мажоритарлық принциппен сайланатын болады.

Біздің еліміз үлкен. Бір аймағы екінші аймағына ұқсамайды. Осы күрделілік заң шығарушы органда да ескерілуі тиіс. Сенаторлар партиялық Мәжілісті тіреуші емес, аймақтардың үнін шығарушы, аймақтардың мұңын ескеруші палата болуы керек.

Қарапайым мысал. Қазіргі АҚШ президенті Байден 35 жыл қатарынан Орегон штатынан сенатор болып сайланыпты. 7 сайлауда қатарынан жеңіп шыққан! Мықты лоббист, өз штатына көп жақсылық, көп жоба мен субсидия тапқан депутат болды. Билікте ысыла-ысыла бірнеше мәрте президенттікке таласып көрді. Ақыры тәжірибесіне сай, президенттік мәртебеге де жетті.

Егер қазақ Сенаты болашақ президенттікке кандидаттарды дайындап, шыңдайтын орынға айналса несі жаман?


Айдос Сарым